06 қыр, 2019 сағат 23:32

Шымкентте табысын жасырған 2 мыңнан аса отбасының жәрдемақысы толық тоқтатылды

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 7 424 отбасы табысын жасырғандығы анықталған.

Оның ішінде осы олқылығы үшін 2 149 отбасыға тағайындалған төлем толық тоқтатылды. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Басқарма мамандарының мәліметінше, ағымдағы жылдың 2 қыркүйегіне дейін атаулы әлеуметтік көмек алуға 66 242 отбасынан өтініш түскен. Оның ішінде бүгінгі таңда 53 242-і қаралып, 45 684 отбасыға жәрдемақы тағайындалған. Бүгінгі таңда 7548 өтініш (16,5%) кері қайтарылып, 3 отбасы 828 392 теңгені өз еркімен бюджетке төлеген. Ал, 268 отбасыға хабарландырулар таратылды. 5 275 отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күнге 1 252 отбасының төлемдері қайта есептеліп тағайындалған сомасы кемітілді. Сонымен қатар, аудандарда өңірлік комиссиялар құрылып атаулы әлеуметтік көмек алушыларды үйме-үй аралап, табыстарын қайта қарау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда 3012 отбасының табыстары қайта тексеріліп, 849-нің әлеуметтік көмекке мұқтаж еместігі анықталды. Төлемдер тоқтатылып, тағайындалған сома 223,5 млн теңгеге кеміді.