Фото: Шымкент ТЖД баспасөз қызметі
Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті халыққа ескерту жасады. Екі күннің ішінде екі бала тереңдігі жарты метрден аспайтын суға батып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жазатайым оқиғаның бірі 5 тамызда Геологтар саяжайында болған. Ата-анасының қарауынсыз қалған екі жасар бала суару каналына батып кеткен. Каналдың тереңдігі – 50 см, ал ені – 1,5 метр. Баланың мәйітін туысы шығарып алды.
7 тамызда Абай ауданында көшеден өтіп бара жатқан адамдар Алматы тасжолы бойындағы қалалық тазарту жүйесінде 2022 жылы туған қыздың мәйітін тапты. Ол белгісіз жағдайда науаға түсіп, суға батып кеткен. Тазарту жүйесінің тереңдігі – 40 см, ені – 1 метр. Ол бала да ата-анасының қарауынсыз қалған.
"Тұрақты түрде жүргізіліп жатқан рейдтерге, бұқаралық ақпарат құралдарындағы (теледидар, баспасөз) ескертулерге қарамастан екі жазатайым оқиға тіркелді. Ата-аналар, балаларға абай болыңыздар", - дейді құтқарушылар.
Жыл басынан бері қалада жеке үйлерде орнатылған қаңқалы бассейндерде, суару каналдарында, субұрқақтарда 7 жазатайым оқиға болды. Барлық жағдайда балалар ата-анасының қарауынсыз қалған.