Фото: Polisia.kz
Шымкентте Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Түркістан облысының шенеунігінен қомақты ақша бопсалаған кәсіпкерді ұстады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Портал мәліметінше, мемлекеттік мекеме басшыларының бірі Шымкент қаласының Полиция департаментіне жүгінген. Ер адам оның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратамын деп жеке кәсіпкер 50 млн теңге бопсалап отырғанын айтады.
Жедел уәкілдер бұл деректі Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Қорқытып алу") бойынша тіркеген.
"Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады.
Ол бұрын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысқан мегаполис тұрғыны болып шықты. Алайда ол конкурстан жеңіліп, жәбірленушіні кінәлаған. Оны полицейлер 45 миллион теңгені қолма-қол алу кезінде ұстады. Оның 40 миллион теңгесі жалған ақша болды. Күдікті қамауда" - делінген хабарламада.
Оған қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексереді.