Фото: © Polisia.kz
Шымкентте полицейдің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
3 тамыз сағат 17:00 шамасында Байтұрсынов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде Тұран АПБ-ның жүргізуші полицейі қызметтік автокөлікпен 2 адамды қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан анасы мен кәмелет жасына толмаған қызы ауруханаға жеткізілген.
"Аталған жайт Шымкент қаласы полиция департаментінде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамның абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзу) бойынша тіркелді.
Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Сотқа дейінгі тергеумен ПД-ның анықтау басқармасы айналысып жатыр. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Қайрат Далбековтің қатаң бақылауында.
Шымкент қаласы ПД-ның басшылығы зардап шеккендерден және олардың туыстарынан полиция қызметкері жолда адамдардың жарақат алуына жол бергені үшін кешірім сұрайды" - делінген хабарламада.