05 шіл, 2018 сағат 12:43

Шымкентте педофилдің видеосын таратқан адам 7 жылға сотталуы мүмкін

Түркістан облысының тәртіп сақшылары педофилдің балаға шабуылдаған сәті түсірілген видеоны интернетке салған адамды іздеп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тұрғын үйдің кіреберісіндегі бейнебақылау камерасының кадрлары таралған болатын. Ер адам балаға шабуылдап, көрші әйел үйге кіріп келген кезде қаша жөнелген. Кейінірек күдікті ұсталды. 

Sputnik 31 арнаға сілтеме жасап хабарлағандай, қазіргі таңда тәртіп сақшылары шабуылдың кадрларын жариялаған адамды іздеп жатыр. Қылмыстық іс қозғады. Видеокадрларды таратқан адам жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

Телеарна бала есін жия бастағанын, алайда оқиғаны есіне түсіре алмағанын атап өткен. Дегенмен болған оқиғаны сұрастыра берсе, оның жағдайы нашарлап кетуі мүмкін.    

Әжесінің айтуынша, зардап шеккен баланы видеоролик арқылы таныған адамдар оған күн сайын қоңырау шалады екен. Ол таяуда мектеп басталатындықтан қазақстандықтардан видеороликті таратуды тоқтатуға шақырды.