07 жел, 2022 сағат 12:17

Шымкентте оқушының қолына қалам тығып алған мұғалім жұмысын жалғастырады

Фото:otyrar.kz

Баланың қолына қалам тығып алған мұғалім Шымкенттегі мектепте жұмысын жалғастырады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Білім басқармасы мәліметінше, мұғалім абайсызда баланың қолына үшкір қаламды тигізіп алған, сондықтан №69 мектепте сынып жетекшісі қызметін жалғастырады.

"Оқиға сағат 14:45-те №69 мектептің 5 "Ж" сыныбында үзіліс кезінде болған. Мұғалім балалардың қалай төбелесіп жатқанын көріп, оларды ажыратуға келген. Сол кезде қолында қалам болған, оны абайсызда Жолбарысқа тигізіп алған. Сынып жетекшісі және зардап шеккен баланың ата-анасымен түсіндірме әңгіме жүргізілді. Мұғалімге қатысты тәртіптік шара қолданылды, мектепте жұмыс жалғасады", - деді қала әкімдік өкілдері.

Бұл ретте зардап шеккен баланың анасы сыныпта ешқандай жанжал болмаған деп сендіреді. Оның үстіне, мұғалім өз әрекетін бірден мойындап, соққының күшін есептемей қалғанын, балалар арасында кикілжің туралы әңгіме болмағанын айтты.

"Мұғаліммен хат алмастық, оған бірден жаздым. "Неге джинсы шалбар үшін бұлай істедіңіз, мұны өзіме айтсаңыз болар еді ғой?" дедім. Ол: "Не айтып тұрсыз, мен жай істедім ғой". Бұлай болады деп ойламаппын. Кешіріңіз, деді", - дейді анасы Жұлдыз Айтмаханбетова.

Ол полицияға арыз жазған. Осы күндерден бастап мұғалімнің туыстары үйіне келе бастаған. Әйелден татуласуды сұрап, болмаса мұғалім өз-өзіне қол жұмсайды деп қорқытқан.

"Бұл ақпаратты Қаратұз аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері тіркегенін хабарлаймыз. Оқушыға сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр", - деді Шымкент Полиция департаменті өкілдері.

Кейінірек әйел арызын қайтарып алғаны белгілі болды.