Шымкентте нөсер жауыннан аулалар суға толып, жұртты әбігерге салды. Қатты жел мен қардың салмағын көтермеген ағаштар құлап, көліктерді басып қалған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 ақпаннан 27-сіне қараған түні қала аумағында жауған жауын-шашынның салдарынан бірнеше үйдің ауласына жаңбыр суы жиналған. Өрт сөндіру бөлімдері мен жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшелері Абай, Әл-Фараби, Қаратау аудандарында суды шығару жұмыстарын жүргізген. Авариялық-құтқару жұмыстары Қайтпас-1, Нұртас, Ақжайық, Химфарм, Қазығұрт, Самал – 3 шағын аудандарында жүргізіліп, онда жеке құрамында 35 қызметкер 8 техника мен 8 мотопомпа жұмылдырылған.
Жеке тұрғын үйлер мен басқа нысандарда жалпы көлемі 1137 текше метр су шығарылған. Ал, таңғы сағат 07:48-де «112» Құтқару қызметіне Күншығыс шағын ауданындағы көпқабатты үйдің ауласында және Әл-Фараби ауданындағы Түркістан көшесі мен Д.Қонаев даңғылының қиылысында ағаштардың құлағаны туралы хабарланған. Сол сияқты Әбдіразақов көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында автокөліктің үстіне ағаш құлағандығы туралы ақпарат түскен.
«Оқиға орнына жедел құтқару жасағының құтқару бөлімшесі, өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамында 15 адам мен 3 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға салдары жойылған», делінген хабарламада.