Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР ІІМ-мен бірлесіп, Шымкент қаласында миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығын (МХҚО) ашты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін екінші орталық, алғашқысы осы жылдың басында Астанада ашылған болатын.
Айта кету керек, соңғы жылдары еліміздің үшінші мегаполисінде шетелдік жұмысшылардың елеулі ағыны байқалуда. МХҚО-да шетелдік азаматтар мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша бекітілген стандартқа сай ала алады. Онда электрондық кезек, арнайы жабдықталған жұмыс орындары, профильді мамандар және ыңғайлы жұмыс кестесі қарастырылған. Қызмет алушы 1-2 сағаттың ішінде медициналық тексеруден, дактилоскопиядан өте алады. Сондай-ақ сақтандыру полисін рәсімделіп, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) беріледі. Бұрын барлығын тапсыру үшін бірнеше күн кететін.
«Бұрын шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін қажетті құжаттарын рәсімдеп, бірнеше күн жүретін. ЖСН алып, салық мәселесін шешіп, сақтандыру анықтамасына қол жеткізу үшін бірнеше мекемені аралаушы еді. Енді шетелдіктер құжаттарды бес күн бойы емес, бір күннің ішінде рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл мигранттар үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де өте қолайлы», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жеңісбеков.
Жаңа МХҚО жұмыс барысын жеңілдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын-алуға жол ашады. Жыл басынан бері Қазақстанда көші-қон бағыты бойынша 267 287 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Жаңа фронт-офис Шымкент қаласындағы Нұрсат ықшамауданы, Байтереков көшесі, 89 үй мекенжайында орналасқан. 1 500 шаршы метрлік ғимаратта 100 көлікке арналған автотұрақ бар. Мекеме таңғы сағат 09-дан кешкі сағат 18.30-ға дейін, түскі үзіліссіз қызмет көрсетеді.