© Photo : pixabay/ds_30
Шымкент қаласындағы орта мектептердің бірінде аса ірі көлемде ақша жымқырған есепшіге қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Ол 2020 жылдан бастап үш жыл бойы жымқырған қаражатын жеке мүддесіне пайдаланып келген. Антикордың айтуынша, есепшінің қаражатты жымқыруына бірқатар мән-жайлар ықпал еткен.
"Мектеп директоры электронды цифрлы қолтаңбаны (казтокен) қолдана алмағандықтан бұйрық шығарып, бас есепшіге жүктеп қойған. Бас есепші директордың жауапсыздығын, қызметіне деген салғырт қарауын жеке бас пайдасына пайдаланып, өзіне заңсыз тапсырылған электронды цифрлы қолтаңбаны қолдану арқылы мемлекет қаражатын жымқырып отырған. Бас есепшінің қылмыстық іс әрекетінен мемлекетке жалпы соммасы 67 миллион теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілді", - дейді ведомство.
Антикордың айтуынша, бұл заңбұзушылық мектеп директоры мен білім басқармасы тарапынан тиісті деңгейде қадағалау болмағандықтан орын алған.
"Біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша көптеген іс-шара өткізіп келеміз. Алайда еңбегіміз зая кетіп жүр ме деп ойлаймын. Өйткені білім басқармасы басшысының орынбасары және 96-шы мектептің директоры қылмыстық қудалауға ұшырады. Екі жыл бұрын 132-ші мектептің директоры сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді, өкінішке қарай, бұл біздің әріптесіміздің өз-өзіне қол жұмсауымен аяқталды. Өткен жылдың басында қалалық білім бөлімінің бас маманы мен есепшісі істі болды. Сондай-ақ бүгінгі таңда Шымкенттегі екі балабақшаның есепшісі пара алды деген күдікке ілінді. Жемқор өз әрекетін жасыруға қанша тырысса да, ерте ме, кеш пе бәрі шығады", - деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.