Сурет: Otyrar.kz
Шымкентте қытайлық инвестор 5 жылдан астам уақыт әділдікке жете алмай жүр. Юхуа Хан алаяқтықтың құрбаны болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Шетелдік азаматқа шымкенттік адам бетон зауытын салуға көмектесемін деп уәде беріп, 530 миллион теңгені иемденіп алған. Арада бірнеше жыл өтсе де, инвестор әлі күнге дейін зауыттың иесі бола алмай, салған ақшасын да қайтара алмады.
Қытайлық инвестор 5 жыл бұрн Шымкентте бетон зауытын салмақшы болған. Юхуа Хан қытайша білетін шымкенттікпен танысып, зауыт салуға ақша берген. Алғашында жер сатып алу үшін 120 миллион теңге сұраған. Жақын арада зауыт салуға ақша керек болатынын айтты.
"Мұның бәрі карантинге дейін болды. Жұмысқа келгенімде мені алдап жатқанын түсіне бастадым. Қытайда бизнеспен айналысамын, бетон зауытым бар. Осыдан кейін полицияға және Қытай елшісіне хабарластым, олар жағдайдың қалай болып жатқанын хабарлап отыр. Десе де әлі қиын. Енді Қазақстанда зауытым бар ма, жоқ па, білмеймін. Ара-тұра қазір Қазақстанға келіп, істің қай сатыда тұрғанын біліп кетемін", – деді Қытай азаматы Юхуа Хан.
Шетелдік азамат ақшаны қайтаруды талап ете бастағанда, оған құрылысты уақытында аяқтауға үлгермегендерін айтып, Юхуа Ханды Қытай көліктерін Қазақстанда сатуды бастауға көндірді. Нәтижесінде Қытай азаматы 530 миллион теңге құйған. Оның адвокаты Самат Сапарымбеттің айтуынша, іс бойынша процессуалдық заңбұзушылықтар мен олқылықтар көп.
"2023 жылы тамыздың соңында Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімі бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғады, бірақ іс созылып жатыр. Қытайлық инвесторды алдаған Қазақстан азаматы тергеу басында-ақ қамауға алынды. Алайда біраз уақыттан кейін ол кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қазір күдікті тергеуге араласып, қолхатты бұзып жатыр, ойына келгенін істейді. Оның кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдер мен куә бар. Біз сондай-ақ осы іске қатысты заңбұзушылықтар бойынша бас прокуратураға бірнеше шағым жібердік", – деді Юхуа Ханның адвокаты Самат Сапарымбет.
Бұл іске қатысты тергеу бір жылдан астам жүргізіліп келеді. Қорғаушы тарап күдіктінің осы уақыт ішінде ақшаны қайтаруға тырыспағанын алға тартады. Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметі өз кезегінде күдіктінің ешқайда кетпеу туралы міндеттеме алғанына сендіреді.
"Аталған азаматтың алаяқтық фактісі туралы арызы негізінде Еңбекші аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр", – деп мәлімдеді Шымкент ПД баспасөз хатшысы Бағлан Исатаева.
Зардап шеккен тарап енді Қазақстанда сот әділ өтеді деп үмітті. Қытай азаматы Юхуа Хан инвестициясын қайтара алатынына сенеді.