11 қар, 2019 сағат 12:08

Шымкентте қылмыстық топ құрған полиция басшылары сотталды

Шымкентте бұрынғы полиция қызметкерлері әртүрлі мерзімге сотталды. Бір жарым жылға созылған сот отырысына бүгін нүкте қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сотта қылмыстық топ ұйымдастырды деп айыпталған Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Әкімшілік полициясы емтихан-тіркеу басқармасының бұрынғы бастығы Артық Жаппаров 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы алты полицей 10 жылдан жаза арқалады.

Өзге айыпталушыларға 8 жыл, 6 жылдан жаза тағайындалды.

Тағы 23 адамға әртүрлі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы белгіленіп, олар сот залынан босатылды. Оның бесеуі - бұрынғы полицейлер. Сотталушылардың шенін алып қойды, сондай-ақ олар мемлекеттік қызмет пен ішкі істер органдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Босатылғандардың барлығынан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша тағылған айып дәлелденбегені үшін сотталғандар бұл бап бойынша ақталды. Ал ҚР ҚК 369-бабының мерзімі өткен үшін қысқартылды.