Фото: Шымкент ТЖД
Шымкентте екі бала құрылысы аяқталмаған ғимарат жертөлесінде от жағып, салдарынан өрт шығып, сыртқа шыға алмай қалған. Оларға құтқарушылар көмекке келіп, қайғылы жағдайдың алдын алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Оқиға 10 мамырда кешкі уақытта болған.
Құтқарушылардың айтуынша, 11 және 12 жастағы екі бала құрылысы аяқталмаған ғимарат жертөлесіндегі қоқыстарды өртеп, ол жерден шыға алмағандықтан тұншығып қала жаздаған. Балалардың бірінде ұялы телефон болған, ол өртсөндірушілерді шақырған.
Бұл уақытта "112" қызметкерлері құтқарушылармен байланыста болған. Операторлар болса, құтқарушылар оқиға орнына жеткенше балаларға түтіннен қорғану жолдарын айтып, көмектескен. Бұл кезде балалардың бірі ес-түссіз жатқан еді.
"Құтқарушылар түтін басқан жертөлеге кіріп, балаларды арнайы тыныс алу аппаратына қосып, қауіпсіз жерге апарып, Апаттар медицинасы орталығы филиалының қызметкерлеріне тапсырды", - деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы өкілері.
Құтқарушылар мәліметінше, өрт сағат 19.12-де оқшауланып, сағат 19.31-де толығымен сөндірілген. Өрт үй-жайдың алты шаршы метрін шарпыған.