02 шіл, 2018 сағат 10:28

Шымкентте кішкентай баланы зорлаған ер адам ұсталды

Шымкентте полицейлер кәмелетке толмаған балаға шабуыл жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жантүршігерлік видео таяуда әлеуметтік желілерде таралып кеткен еді. Анықталғандай, оқиға 1 шілде күні болған.

Видео кадрларынан ер адамның баланы үйдің ішкі кіребересіне кіргізіп, баспалдақ алаңында тұрғанын көруге болады. Сондай-ақ, сыртқы бейнебақылау камерасына жазылған видео тарап жатыр. Онда бір әйелдің үйге кіргені, артынша ер адамның қашып шыққанын көрінеді. Әйел болса ер адамның артынан қуады. Бұл кадр сыртқы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 

"Аталған факті сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелді. Полицейлер барлық қажетті іздеу шараларын жүргізді. Нәтижесінде дәл сол күні күдіктіні ізін суытпай ұстады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында жатыр", — деп мәлімдеді ІІД баспасөз қызметі. 

Ал, 11 жастағы баланы зорлықшыдан құтқарған әйелді енді бұл аула тұрғындары "батыр әже" деп атап кеткен. Оның айтуынша, оқиға 1 шілдеде таңғы 11-де болған. Ол осы уақытта көрші үйде тұратын әйелмен бірге орындықта отырған. Лас киім киген ер адамды олар бірден байқапты, көршілердің біріне келді деп ойлапты.

"Бес минут та өткен жоқ, баланы өлтіріп жатқандай дауыс шықты. Қатты қорықтық. Не болып жатқанын көрейін дедім. Темір есік қой, аша алмадым", - дейді зейнеткер.

Әйел баланың даусы дәл есіктің түбінен шыққанын айтады. Бар күшімен есікті ұрғылай бастапты.

"Ашыңдар!" деп айғайладым. Екі минуттан кейін есікті бала ашты. Ер адамды итеріп жіберіп, не істеп жатырсыз деп айғайладым. Айқасуға дайын болдым. Екі жыл бұрын ғана жүрегіме ота жасатқанмын. Кеудемнен ұрса, осы жерде жан тәсілім етермін деп ойладым", - дейді ол.

Күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Оны зейнеткер әйел полиция бөлімшесінде екінші рет көрген. Мұнда оны полицейлер куәлік алу үшін шақыртқан.

"Ол полицияда мені бірден танып, бет-жүзін жасырмақ болды. Кеше ғана полицияға бәрін айтамын дедім ғой деп ұрысып бердім. Екі қолың мен екі аяғың бар, жұмыс істемей, істеп жүргенің мынау. Мүгедектердің өзі жұмыс істеп, нанын тауып жеп жүр. Сөйтсем, ол әскерге де барып келіпті", - дейді зейнеткер.