Екі елдің Мемлекет басшылары Н. Назарбаев пен Ш. Мирзиёевтің бастамасымен өткізілген Форум жұмысына Қазақстан мен Өзбекстан өңірлерінің басшылары қатысты.
Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген ҚР Бірінші Вице-Премьері 2018 жылы екі халықтың мәдени және сауда-экономикалық бағыттарда іс жүзінде жақындай түскенін атап өтті. Асқар Мамин Қазақстандағы Өзбекстан жылын сәтті өткізу тұрғысынан Форумның арнайы өткізілгенін айтып, биыл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізетін көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
ҚР мен ӨР арасындағы өзара сауда-саттық оң қарқынға ие. 2018 жылдың 9 айында сауда айналымы $2 млрд астам соманы құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40% жоғары.
«Болжамдарға сәйкес, 2018 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі $3 млрд құрайды. Елбасы сауда-саттық көлемін одан әрі ұлғайтудың үлкен әлеуетін ескере отырып, 2020 жылға қарай сауда айналымының көлемін $5 млрд жеткізу туралы міндет қойды», — деді ҚР Бірінші Вице-Премьері.
Асқар Мамин мен Ачилбай Раматов Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы — «Жібек жолы» және «Яллама» өткізу пунктерін тексерді.
Тексеру барысында цифрлық технологияларды қолданумен шекарадан өтетін пункттердің инфрақұрылымын жаңғырту, қолданыстағы өткізу пункттерін жеделдетіп реконструкциялау, екі жаңа өткізу пункттерін ашу мәселелерін пысықтау, сондай-ақ автовокзал салу қажеттігі ескерілді.
А. Мамин шекаралық өткізу пунктерінде инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастаудың, азаматтардың, жүктер мен көлік құралдарының бірлескен шекара бойынша қозғалысына қолайлы жағдайлар жасаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттары өнеркәсіп, құрылыс, көлік, транзит, туризм және т.б. салалары болуы тиіс.
Өз кезегінде ӨР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А. Раматов «екі ел арасындағы серіктестік қатынастың берік негізі және ұзақмерзімді келешегі бар» деді. Қазіргі таңда Өзбекстанда экономиканың әртүрлі салаларында қазақстандық капиталдың қатысуымен 260 жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу барлық салаларда ынтымақтастықты кеңейтудің бастауы болмақ.
Форум қорытындысы бойынша екі ел өңірлерінің басшылары экономиканың басым секторларында бірлескен жобаларды іске асыру саласында 16 құжатқа қол қойды.
Жібек жолы елдерінің визалық режимдерін өзара тану туралы, «KTZ Express» АҚ мен «Өзавтотранстехника» ғылыми-өндірістік орталығы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз» АҚ мен «ӨзТрансГаз» АҚ арасында Өзбекстан аумағы арқылы табиғи газды тасымалдау туралы келісімге қол қойылды.
А. Мамин мен А. Раматов «Көрме» көрме кешеніне барды, онда екі елдің өнеркәсіп, автоөнеркәсіп, химия, тоқыма өнеркәсібі, ағаш өңдеу ісі және т.б. салалардағы өнімдері ұсынылды.