29 қар, 2022 сағат 13:30

Шымкентте қайтыс болған адамның бауыры науқасқа салынды

© Sputnik / Дәурен Ерболат

Шымкент қаласында алғаш рет мәйіт ағзасының трансплантациясы жасалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Қалалық клиникалық ауруханада жасалған операция алты сағатқа созылды. Қайтыс болған ер адамның бауыры науқасқа салынды. Ол бауыр циррозына шалдыққан. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, қазіргі кезді науқас жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. 5 жылдан бері диспансерлік есепте тұрған 44 жастағы ер адамның жағдайы бірқалыпты. Жақын арада ауруханадан шығарылуы мүмкін. Дәрігерлер оның жағдайын жіті бақылауда ұстап отыр.

"Осы аптаның соңына дейін науқастың жағдайына қарай үйіне шығару жоспарланып отыр. Әрине ол амбулаториялық деңгейде және стационарлық бейінді мамандардың бақылауында болады. Шымкент қаласында 500-ге жуық науқас диспансерлік есепте тұрады. Ол созылмалы гемодиализ алып жатқан науқастар. Көбінесе бізде операция туыстық донормен жүргізіледі", - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова.

Ал қайтыс болған донордың өзге ағзасы Астана мен Алматы қаласындағы емдеу мекемесіне санавиациямен жеткізілді. Мәйіт донорлығына марқұмның туыстары заңды түрде келісімін берді. Осылайша, қайтыс болған бір адам бес адамның өмірін сақтап қалды.