02 қаз, 2023 сағат 12:17

Шымкентте кәсіпорын басшылығы 1,1 млрд теңге жымқырып, қымбат тұрғын үй сатып алған

Фото: Halyq Uni

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Шымкент қаласы әкімдігі мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты істі тергеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, қалалық коммуналдық кәсіпорнының басшылығы қала әкімдігінің бақылауындағы қосалқы мердігерлермен және лауазымды тұлғалармен, сондай-ақ бір топ адаммен бірлесе отырып, жұмыс пен тауарлардың құнын жоғарылатып, жылу желілері мен электр желілерін ағымдағы жөндеуге бөлінген 1,1 млрд. теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

"Күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды.

Шенеуніктер заңсыз жолмен тапқан ақшаны пайдаланып, Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен құны 150 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік сатып алған.

Тергеу сотының санкциясымен барлық мүлікке тыйым салынды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр" - делінген хабарламада.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат таратуға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.