Шымкенттік полицейлер әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында белгісіз адамның қала көшелерінің бірінде Opel Astra автокөлігіне итті байлап алғаны түсірілген видеоға назар аударды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" POLICE_of_KZ Тelegram-арнасына сілтеме жасап.
ҚПД Жедел басқару орталығының инспекторлары "Қорғау" қосымшасы көмегімен көліктің қозғалған орны мен жүргізушінің жеке басын анықтаған.
"Ол Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Деректер Әл-Фараби аудандық ПБ-ға жолданды.
Ер адамның сөзінше, ол көшіп жатқан. Автокөліктің салонында итке орын болмағандықтан, оны көлікке байлауды ұйғарған", - делінген хабарламада.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 407-2-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Жиналған материалдар мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберіледі.
Сондай-ақ ер адаммен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілген.