Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он екінші турында ауа райының қолайсыздығына байланысты екі ойын кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістанда кездесу басталуына санаулы минуттар қалғанда «Тұран» мен «Ақтөбе» арасындағы кездесу ауа райының қолайсыздығына байланысты кейін өткізілетін болды. Сол уақытта аталған қалада шаңды дауыл соғып, ойын өткізуге мүмкіндік болмаған.
Осындай жағдайға байланысты Шымкенттегі «Ордабасы» мен Павлодар облысының «Ақсу» клубтарының кездесуі ойын ортасынан тоқтатылды. Қатты жел мен шаңды дауыл салдарынан стадионның шатыры ұшып кетіп, алаңға түсті. Бұл уақытта шымкенттік клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп жатқан болатын.
Қазақстан футбол федерациясы аталған ойындардың қашан өткізілетіні туралы алдағы уақытта шешімін айтатын болады.
Сондай-ақ, өткен турдағы жеңісінен кейін елордалық «Астана» турнир кестесінде көш басына шыққан еді. Бұл жолы сырт алаңда «Атыраумен» 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Ал алматылық «Қайрат» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Осылайша он бірінші турдағы сәтсіздігінен кейін нәтиже шығарып, жанкүйерлер алдында сенімді ойын көрсетті.
Ертең, 22 мамырда «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақжайық» (Орал), «Тобыл» (Қостанай) мен «Мақтарал» (Түркістан облысы), «Каспий» (Ақтау) мен «Тараз» командалары кездеседі.