Шымкенттегі "Romantic" гүл дүкенінде болған екі оқиға үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Осыған байланысты ІІМ баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бірінші бейнежазбада көрсетілгендей, ақ футболка киген адам үстелден қайшыны алып, гүл сатушыға қарай бет алады. Бұл жайт 8 тамызда болған.
Аталған жағдайға қатысты полицияға сатушыдан ешқандай арыз түскен жоқ. Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерді мониторинг жасау барысында анықталды.
Полиция қызметкерлері бұзақыны анықтап, Тұран АПБ-на жеткізді. К. есімді азамат 1990 жылы туған Түркістан облысының тумасы болып шықты. Шымкент қаласында тұрады. Оның әкесі - 1952 жылы туған зейнеткер. Бәйдібек ауданында тұрады" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, ер адам сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша 7 тәулікке қамалған.
"Ал екінші бейнежазбада басқа, 1989 жылы туған Б. есімді азамат бейнеленген. Әкесі жоқ, анасы - зейнеткер.
Биыл 8 мамырда ер адам флористті қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен.
Тұран АПБ-ның 102 арнасына жанжал туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барған. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.
Бұл жайтқа қатысты Тұран АПБ-да ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ("Жәбiрленушiнiң өмiрiне н/е денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды" - делінген хабарламада.
Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат биыл 19 мамырда отбасылық себептерге байланысты, өз өтінішімен Ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталған.