Фото: facebook.com/Асет Шагдат
Еңбек мобильділігі орталығының басшысы жемқорлыққа күдікті ретінде ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Шымкент қаласының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Ол «Бастау Бизнес 2023» ұлттық жобасы шеңберінде гранттардың нысаналы пайдаланылуына мониторинг жүргізу кезінде жалпы қамқорлығы үшін делдал арқылы 200 мың теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді.
Тергеу сотының санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр" - делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.