Шымкентте жаңа туған нәрестелерге ең көп қойылған есімдер анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы АХАТ бөлімі мамандарының мәліметі бойынша, өткен жылы дүние есігін ашқан сәбилерге Айсұлтан мен Медина есімдері жиі қойылған.
Сала мамандарының айтуынша, 2018 жылы АХАТ бөлімінде 32464 бала тіркелген. Оның 60 пайызы ер балалар болса, өзгелері қыз. Ата-аналар дүниеге келген ұлдарға Айсұлтан, Нұрсұлтан, Дінмұхаммед, Әлихан есімдерін қойған. Ал, қыздарын Медина, Раяна, Кәусар, Айзере, Айсұлу есімдерімен атауды жөн көрдім.
Еске салсақ, 2018 жылы Шымкент халқының саны миллионға жеткен болатын. Осыған орай Шымкент Елбасының Жарлығымен еліміздегі республикалық маңызы бар ресми үшінші қала атанды. Ал, 17 мамырда дүниеге келген Айсұлу Еламанова есімді бүлдіршін мегаполистің миллионыншы тұрғыны болып тіркелді.