Фото: Polisia.kz
Шымкентте бопсалаушылар тобы қамауға алынды. Ұсталғандар екі кәсіпкерге күш қолданып, олардың көлігін заңсыз иемденіп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қалалық ПД-ның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы операция барысында бопсалаушылар тобын құрықтады. Топ мүшелері – 20-40 жас аралығындағы азаматтар. Олардың басым бөлігі бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Ұсталғандар ұзақ уақыт бойы жергілікті екі кәсіпкерден қоқан-лоқы көрсету және күш қолдану арқылы ақша бопсалаған, сондай-ақ BMW мен ВА3-2114 автокөліктерін заңсыз иемденіп алған. Тексеру кезінде төрт атыс қаруы, оқ-дәрілерімен, есірткі құралдары және өзге де заттай айғақтар тәркіленді.
Полицияға 10 адам жеткізілді, оның ішінде топтың ең белсенді төрт мүшесі қамауға алынды" - делінген медиа-портал ұсынған мәліметте.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.