20 қар, 2019 сағат 13:45

Шымкентте бас дәрігері қамауға алынған ауруханаға уақытша жаңа басшы тағайындалды

Шымкентте бас дәрігері қамауға алынған ауруханаға уақытша жаңа басшы тағайындалды. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен бұл қызметті бас дәрігердің орынбасары болған Шыңғыс Байменов атқаратын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев «№1 қалалық клиникалық ауруханасына барып, ұжыммен кездесті. Жабық жағдайда өткен басқосуда бас дәрігердің уақытша міндетін атқарушы ретінде Шыңғыс Байменовты таныстырды. Айта кетейік, Шыңғыс Болатұлы бұған дейін аталған ауруханада бас дәрігердің хирургия саласы жөнінде орынбасары қызметін атқарған.

Басқарма басшысы сондай-ақ БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, орын алған қылмыстық жағдайға байланысты пікірін білдіріп өтті. Ол болған жәйтті әлеуметтік желілерден көріп, хабардар болғанын айтады.

«Болған жәйтке байланысты кеше Денсаулық сақтау министріне Елжан Біртановқа, қаланың әкімі Ерлан Айтахановқа негізгі мәліметтерді жібердім. Барлық мәліметтерді жазбаша түрде жібердік. Енді қазір аурухананың ұжымына келіп, осы кісілермен кездесіп, жүздесіп, бүгінгі таңға барлықтарымызды сабырлық сақтайық деп түсіндірдім. Негізі барлығы заңмен болу керек, біріншіден. Екіншіден, оқиғаның анық-қанығына жету керек. Үшіншіден, моральдық –этикалық нормаларымызды да сақтауымыз керекпіз. Бүгінгі таңда № 1 қалалық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы етіп Шыңғыс Болатұлын қойдық»,- деді Асхан Байдувалиев.

Тілшілердің осы қылмысқа қаншалықты сенесіз деген сауалына басқарма басшысы дәл қазір ештеңе айта алмайтынын, моральдық-этикалық нормаларды сақтау керектігін айтып өтті. Сондай-ақ, уақытша тергеу абақтысына қамалған бас дәрігер Абылай Донбайға қандайда бір мінездеме беруден бас тартып, тергеудің соңын күтуге шақырды.

«Қазір мен ештеңе айта алмаймын, көрейік, барлығын күтейік. Мінездемені де бере алмаймын. Бәрі анықталған соң, біз ресми түрде жариялаймыз»,- деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, күні кеше еліміздің ІІМ Тергеу департаменті Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері уақытша оқшаулағышқа қамағанын хабарлаған болатынбыз. Оған ҚР ҚК 264-бабы 2-тармағында (трансұлттық қылмыстық топқа қатысу) және 116-бабы 3-тармағында (адам ағзасын заңсыз алу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берді деген айып тағылғаны жария етілген. Ведомствоның мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу барысында 2017-2018 жылдары Қазақстан аумағында ұйымдастырушысы шет мемлекеттің азаматы болып табылатын қылмыстық топ адам ағзаларын трансплантациялау бойынша әрекет еткен. Донор ретінде тұрмыстық ауыр жағдайға тап болуы салдарынан бүйректерін сатуға мәжбүр болған Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтары тартылған. Ал реципиенттер алыс шет елдердің, негізінен Израильдің қалталы азаматтары болған.