Сурет: otyrar.kz
Шымкентте аяусыз соққыға жығылған баланың анасы кінәлілерді жазалауды сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде соққыға жығылған оқушының видеосы тарап кетті. Кадрларда жанжал төбелеске ұласқаны көрінеді. Бірнеше жасөспірім жағдайды бақылап тұрған, біреуі камераға түсіріп үлгерген. Видеоның аяғында балалар қиналып еңкейген баланы аяусыз тепкілейді.
Жәбірленушінің анасы оқиға 27 мамырда болғанын айтады. Оның сөзінше, бұл төбелес емес, топтық зорлық-зомбылық көрсету әрекеті болған. Оқиғадан кейін баласы ауруханаға түскен. Әйел полицейлерден істің мән-жайын анықтап, құқықбұзушыларды заңның барлық қатаңдығы бойынша жазалауды сұрайды.
"Олар ұлыма шабуыл жасады, олар жай ғана төбелескісі келген. Кешіргім келген, бірақ кешірмеймін. Ұлым оларды ұрмаған. Екеуі баламды соққыға жыққан. Қазір ол ауруханада жатыр, жағдайы нашар", - деді баланың анасы.
Прокуратура өкілі шағым аудандық полиция бөлімінде қабылданғанын, тексеріс басталғанын түсіндірді. Іс аудан прокуратурасының бақылауында. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның айтуынша, құқықбұзушылардың ата-анасы жауапкершілікке тартылады.
756 рет оқылды