27 нау, 2020 сағат 12:35

Шымкентте әуежай және теміржол вокзалының жұмысы тоқтайды

28 наурыз түнгі сағат 00.00-ден бастап Шымкент қаласында коронавирусқа байланысты әуежай мен теміржол вокзалының жұмысы толық тоқтайды. Бұл туралы Қазақстанда коронавируспен күрес штабы хабарлады. 

Сенбіден бастап көлік базарлары, азық-түлік жәрмеңкелері, ұялы телефон дүкендері жабылады. Қалада төмендегідей шектеу шаралары енгізіледі: 

  • Тұрғын үйлерде, аудандарда, діни бірлестіктерде жеке, отбасылық және басқа шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады;
  • Сауда нысандарына баратын адамдар, сатушылар медициналық маска тағуы тиіс, санитарлық-дезинфекциялық шараларды күшейтуі керек; 
  • Мал базарлары жексенбі күні ғана сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді;
  • Қоғамдық тамақтандыру орындары сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін істейді;
  • Қоғамдық тамақтандыру орындары кіреберісте тұтынушылардың температурасын тексеріп, қолды дезинфекциялауға мүмкіндік беруі тиіс;
  • 21.00-ден 7.00-ге дейін Шымкент қаласының аумағына кіруге және шығуға тыйым салынады;
  • Қоғамдық көліктер таңертеңгі сағат 6.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс істейді.

Шымкентте екі адамнан коронавирус табылған. Вирус жұқтырған бірінші адам 24 наурыз күні түнде анықталған. 24 жастағы ер адам қалаға 20 наурыз күні автобуспен Нұр-Сұлтан қаласынан келген. 25 наурызда оның анасынан да коронавирус табылды.

Қала әкімі Шымкентте вирус жұқтырған адаммен бірге Нұр-Сұлтаннан 51 адам келгенін, олардың төртеуі Шымкентке түсіп, қалғаны Түркістан облысының Жетісай қаласына кеткенін айтқан.

Қала әкімі қазірге қалаға карантин жариялауға негіз жоқ деп мәлімдеді. 25 наурызда қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын уақытша тоқтатты.

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 121 адамға жетті.