11 сәу, 2022 сағат 15:21

Шымкентте аттракционнан құлаған жігіт билетсіз, рұқсатсыз шығып кеткен - саябақ директоры


Шымкентте атракционнан құлаған жігіт оператор жоқ кезде билетсіз, рұқсатсыз шығып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жайлаукөл» саябағының директоры Бекболат Төлеев қайғылы жағдайдың қалай болғанын баяндап берді. Директордың сөзінше, бұл жағдай кеше сағат 20.00 шамасында болған. 

«Рамазан айы болған соң барлығы ауыз ашады. Біздің оператор да дәл осы кезде кассадағы қызметкерге «билет сатпаңыз» деп ескертіп, аузын ашуға кеткен. Сол сәтте әлгі жігіт биіктен құлаған. Ол жігіт бізге бұрын да жиі келіп тұратын. Кеше ол кассадан билет алмай, оператор келгенше жоғарыға көтерілген. Қауіпсіздік белдіктерін де өзі асығыс таққан. Бірақ дұрыс тақпаған. Біреуін тағып, біреуін тақпағанын әзірге білмей тұрмыз. Белбеу үзілмеген, тек асығып дұрыс тақпаған. Оның қасында таныс қызы да болған екен. Бірақ ол да оқиғаның қалай болғанын білмей қалған. Сонымен биікке шығып, түсіп жатқан кезде 4-5 метр қалғанда құлаған ғой», - деді директор. 

Бекболат Төлеев сондай-ақ, 20 жастағы жігіттің биікке көтерілгеннен кейін рұқсат етілмеген әдістер жасағанын айтады. 

«Ол көтерілгеннен кейін ары-бері шайқатылған. Қатты шайқатылғаны сонша, жұмсақ түшекке түспей, сыртына, тіпті қоршаудың жанына құлаған. Етпетінен түскен соң ішкі ағзаларына да зақым келген, басы жарылған. Тез арада алғашқы көмек көрсеттік, желед жәрдем шақырттық. Түнімен ауруханада жүріп, ол жігіттің туыстарына моральдық және материалдық тұрғыда көмек бердік. Анасы жылап жүрді. Алдағы уақытта оның аяққа тұрып кетуіне атсалысамыз», - деді саябақ директоры. 

Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі атракциондардың бірінан жас жігіт құлап, ауыр жағдайда ауруханаға түскенін хабарлаған болатынбыз. Қазіргі таңда дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін айтып отыр.