Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 7 596 отбасы табысын жасырған. Бұл туралы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Басқарма басшысы Ғалымжан Балтаевтың сөзінше, бүгінгі күнге дейін 62 731 өтініш қаралып, 9801 өтініш (15,6%) кері қайтарылған. 2 149 отбасыға 1 530 млн теңгеге тағайындалған төлемдер толық тоқтатылған. Оның 70,6 млн теңгесі бюджетке қайтарылған. Тағы 3 отбасы 828,4 мың теңгені өз еркімен бюджетке қайта төлеген. Сонымен қатар, 5 447 отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, 5 358 отбасының төлемдері қайта есептеліп, тағайындалған сома 1 037,4 млн теңгеге кемітілді.
«Аталған тапсырма аясында, аудандарда өңірлік комиссиялар құрылып отыр. Комиссия құрамында: аудан әкімінің орынбасары, салық органының өкілі, учаскелік полиция өкілі, қоғамдық бірлестіктер өкілі, жұмыспен қамту басқармасының маманы бар. Олар атаулы әлеуметтік көмек алушыларды үйме-үй аралап, табыстарын қайта қарау жұмыстары жүргізілуде»,- деді Ғалымжан Балтаев.