05 ақп, 2019 сағат 13:53

Шымкентте алып қашудың құрбаны болған бойжеткен 3-қабаттан секіріп кетті

Шымкентте зорланған 19 жастағы бойжеткен үшінші қабаттан секірген. Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

Бойжеткеннің қорғаушысы Еркін Қахаровтың айтуынша, 18 қаңтар күні бойжеткенді еркінен тыс алып қашып кеткен.

«Аружан ол жігітпен танысып, екі-үш күн кездескен, сосын алып қашқан. Барған соң ол келін болуға көнбеген. Бірақ бетін ашып, рәсімдер жасалған. Қыздың ата-анасы оның көнбегені туралы білмеген. Қыз бір апта бойы төсекке жатуға келіспеген, бірақ 25 қаңтар күні оны еркінен тыс зорлаған. Осыдан кейін ол үшінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен. Ол 31 қаңтарда ауруханаға түскенімен, сол күннен бастап тергеу шаралары жүргізілмеген. Ауруханада жүретін полицейлер де неге екені белгісіз, бұл қыздың жағдайына назар аудармаған. Сосын мен арыздануға мәжбүр болдым. Артынша Фейсбук әлеуметтік желісіне жазғаннан кейін 4 ақпан күні қылмыстық іс қозғалды», - дейді Еркін Қахаров.

Қазір қыздың бел омыртқасына зақым келіп, бірнеше жерінен сүйегі сынған. Орташа дәрежеде жарақат алған бойжеткен ауруханада ем қабылдап жатыр. Осы оқиғаға байланысты қалалық ПД бүгін ғана ресми мәлімет таратты. 

«Ағымдағы жылдың 31 қаңтарында 19 жасар қыздың өз-өзіне қол жұмсау әрекеті бойынша ҚР ҚК 105-бабы («Адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін күдікті әл-Фараби аудандық полиция бөліміне жеткізілді. ҚР ҚПК 201 және ҚР ҚК 147-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректері жария етуге жатпайды» делінген Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.