Шымкентте 67 адам карантинге жабылған. Олар коронавирус қауіптілігі жағынан «А» санатына жататын Қытай, Оңтүстік Корея, Иран және Италия мемлекеттерінен келген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаевтың мәліметінше, провизорлық госпитальде коронавирус қауіптілігі жағынан «А» санатына жатқызылған елдерден келген азаматтар бақылауға алынған. Олардан 14 күн бойына түрлі сынамалар алынып, тексеруден өтеді. Карантинге жабылғандардың дені Оңтүстік Кореядан келген орта жастағы ер азаматтар.
Бүгінде госпиталь коронавирус белгілерімен түскен науқастарды қабылдауға толықтай жабдықталған. Сондай-ақ, дәрігерлер мен медбикелер арнайы дәрістерден өтіп, коронавирусқа шалдыққан науқастармен жұмыс жүргізу қағидаларын меңгерген.
«Бізге науқастар әуежайдан жеткізіліп жатыр. Оларды алдымен Шымкент қаласы тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлері тексереді. Сонан соң бізге алып келеді осында. Бүгінгі күнге провизорный госпитальда 67 адам жатыр»,- дейді Амангелді Нұрлыбаев.