14 сәу, 2023 сағат 11:32

Шымкентте 18 жастағы тұрғын күйеуінен көрген қорлық туралы айтып берді

Фото: © otyrar.kz

Шымкентте 18 жастағы тұрғын OTYRAR басылымының журналистеріне күйеуінен көрген зәбірі туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Оның сөзінше, бірде күйеуі бөтелкемен ішінен ұрып жіберіп, 18 жастағы тұрғын тұңғыш баласын түсіріп алған.

"Соңғы рет мені аяусыз ұрып, көшеде қалдырып кетті. Қазір екінші балама аяғым ауыр, баламмен көшеде қалдырып кетті. Тұңғышымды ол екі литрлік бөтелкемен ішімнен ұрып жіберген кезде түсіріп алдым. Сол күні бөлмеде киімдер шашылып жатты, ол ашуланып, маған айғайлап, ұра бастады. Сосын далаға сүйреп шығып тезек жинатты. Артынан мені сол тезекті жеуге мәжбүрлейтінін айтты. Содан кейін көлігіне отырғызып, бір жаққа алып кетті. Көшеде ұрсысып қалғанбыз, ол көлікке отырып, мен көліктің тұтқасын ғана ұстап қалдым. Қолымды алып үлгермей, ішіммен құлап түстім. Ол менің құлағанымды көріп, күліп, кетіп қалды", - дейді Жансая.

Бұл оқиғадан кейін зәбір көрген әйел жансақтау бөліміне түскен. Бірақ күйеуінің мұндай әрекеттерге барғанын жақындарына айтпаған. Себебі олар түсінбейді деп, Жансаяның өзін кінәлауы мүмкін деп ойлаған.

"Ұрып жүргенін мүлде білген емеспін. Бізді араластырмайтын. Қызым тұрмыста осылай қиналып жүргенін 26 наурызда ауруханаға түсіп қалған кезінде білдім. Білген бойда бірден арыз жаздым. Оның кесірінен тұңғыш баласынан айырылып қалғанын да білмедім. Ол тиісті жазасын алғанын қалаймын! Ол менің қызымды қалай ұрса, оны да солай ұрсын", - дейді жәбірленушінің анасы.

Ал Жансаяның күйеуі бұл жайтты мойындамаған. Ол ешқашан қол көтермегенін айтқан. Оның сөзінше, әйелімен мінезі сай келмегендіктен екіге кетуді шешкен.

"Ол полицияға арызданғанымен олар бұл іспен айналысқысы келмейді. Егер мен оны расында ұрған болсам, ол ауруханаға түскен күні-ақ мені полицейлер ұстап әкетер еді. Ол басқа себеппен кетті. Мінезіміз сай болмады", - дейді Мансұр.

Оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтайды.

"Самал-3 шағынауданының тұрғыны 23 наурызда арыз жазды. Ол күйеуінен зәбір көріп жүргенін, ол жиі қол көтеретінін айтты. Бұл дерек Абай ауданы полиция басқармасының бірыңғай тізілімінде тіркелген. Сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижелері бойынша шешім қабылдайды", - дейді Шымкенттің Абай ауданының ПБ учаскелік инспекторы Бауыржан Қоштаев.