Шымкентте 26 жастағы Диана Оңғарбаеваны өлтіру ісі бойынша сот басталды. Айыпталушы – 11-сынып оқушысы. Тергеу мәліметінше, ол әйелді пышақтап өлтіріп, денесін қорлаған. Бұл туралы Ult.kz «31 арнаға» сілтеме жасап хабарлайды.
Прокурор соттың алғашқы отырысында қайғылы жағдай тамыз айында болғанын айтты. Күдікті жазғы демалыс кезінде табыс табу үшін қалаға келген. Үй-жайды тазалау жұмыстарымен айналысқан әйелді ол әлеуметтік желі арқылы тауып, жұмысқа келіседі. Диана тазалықты аяқтап, 15 мың теңге еңбекақысын сұрағанда, жасөспірім оған пышақпен шабуыл жасаған.
«Кәмелетке толмаған айыпталушы қасақана қылмыс жасап, марқұмның денесін қорлаған. Өз қылмысын жасыру мақсатында ол әйелдің денесін қара полиэтиленге орап, тұрғын үйдің ауласындағы құрылыс арбасына салып, қоқыс контейнерінің жанына тастап кеткен», – деді мемлекеттік айыптаушы Нұржігіт Ерментай.
Тергеу деректеріне сәйкес, әйелдің денесі қоқыс контейнерінің жанында он күн жатқан. Кейін оны жұмысшылар тауып алған. Қазір сот процесі жалғасып жатыр.
