19 шіл, 2022 сағат 16:53

Шымкентте 12 жастағы қыз егіз бауырын өрттен аман алып қалды


Шымкентте 12 жастағы қыз өртеніп жатқан үйден егіз бауырын аман алып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Отырар" сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 15 шілдеге қараған түні Қайнарбұлақ саяжайы аумағында болған. Өрт басталған кезде үйде ата-анасы болмаған. Қыз орындық жанып жатқанын көрген. Ол өртті сөндіруге тырысқан, бірақ жалын тым күшті болған. Осы кезде бөлмеде қыздың бір жасар егіз бауыры ұйықтап жатқан. Әпкесі көп ойланбастан олардың бірін ұстап көшеге алып шығады. Кейін өртеніп жатқан үйге оралып, екіншісін көтеріп алып шыққан.

"Балаларды бірінен соң бірін үйден шығарып алған. Маған: "Анашым кешіріңізші, мен бауырымды шығарған соң, оны жерге жатқызып кеттім. Өйткені ары қарай тағы жүру керек болды, кешіріңізші" дейді. Шынымды айтсам, өзім шошып кеттім, ол бала ғой, өзі де қорқып қашуы мүмкін еді. Содан соң, ұзақ уақыт аяғы дірілдеп отырды, қорқып кетіпті. Кейін балаларды көршіге апардық, үй толығымен өртеніп кеткенін айтпадық", - деп еске алады Мария Саворовская.

Өрт құтқарушылар жеткенше ауыздықталған. Әйелдің айтуынша, өрттің себебі желдеткіштегі сымдардың қысқа тұйықталуы болуы мүмкін.

"Желдеткіш орындықтың дәл үстінде ілініп тұратын. Менің ойымша, сымдар тұйықталып қалды. Диван мен кресло ішінде синтетикалық мата бар, ол тез тұтанады. Біз келгенде, терезеде бәрі жанып жатқанын көрдік. Су шаша бастадық, бізде бассейн бар, тез су тасыдық. ТЖД да тез жетті, бірақ бұл уақытта бәрін сөндіріп болғанбыз", - деді Мария Саворовская.

Ер адам өрттен зардап шеккен отбасыға өз еркімен көмек көрсеткен. Үш баласы бар отбасыға уақытша баспана және азық-түлікпен көмек көрсетілді. Қазір олар өртенген үйді қалпына келтіруге тырысып жатыр.