Шымкентте SANTO компаниясына қарасты «Химфарм» АҚ-да жас мамандарды оқыту орталығы ашылды. Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Оқу орталығы компания мамандарының біліктілігін арттырып, цифрлы инженерлік-білім беру мақсатында ашылған.
Елдегі ең ірі фармацевтикалық зауыт базасында компания қызметкерлерімен қатар университет және колледж студенттері IT-технологиялар, метрология және технологиялық процестерді автоматтандыру саласы бойынша білім алап, тәжірибе жинақтайды.
SANTO зауытының аумағында орналасқан екі қабатты ғимарат соңғы үлгіде жабдықталған. Қазір мұнда екі сынып өз жұмысын бастады. Оның бірінде ақпараттық технологиялар зерттелсе, екіншісінде процесті автоматтандыру және басқару оқытылады.
«Бір сынып студенттерді технологиялық процестерді басқару және бақылауда автоматтандыру жүйелерін құру тәжірибесіне машықтауға бағытталған және де мехатроника, пневматика негіздерін және өндірісті метрологиялық қамтамасыз етуді үйретеді. Ал, екінші оқу сыныбы – мамандандырылған компьютерлік сынып. Бұл жерде студенттердің бағдарламалау саласында түрлі тілдерде білім алуы үшін интерактивті тақталар, заманауи құрал-жабдықтар қойылған. Сондай-ақ, жабдықтар контроллерлерін бағдарлау, компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыру, түрлі қолданбалы бағдарламалар бойынша оқытылады», - дейді «Химфарм» АҚ директоры Рустам Байгарин.
Орталықта білім алған студенттер жаңа жабдықтармен жұмыс істеуді тегін үйренеді. Сондықтан орындар саны шектеулі. Колледждер мен университеттер оқуға қажетті бір реттік жұмыс киіміне және басқа да шығын материалдарына өздері төлейді.
«Бұл орталық қызметкерлеріміздің білім-білігін арттыруды мақсат тұтады. Қазір қол еңбегін ғана пайдалану жеткіліксіз. Мамандар роботехника, цифрландыру саласындағы инновациялық технологияларды білу қажет. Жаңа орталық осы салада білімін жетілдіруге мүмкіндік береді», - дейді «Polpharma» бақылау кеңесі тобының президенті Ежи Старак.
Айта кетсек, өткен жылы өнеркәсіпті цифрландыру бойынша 7 модельдік фабрикада аудит аяқталып, оларды цифрландыру үшін жол картасы бекітілген. 2018 жылы екі модельді фабрикада («Химфарм», «Евразиан фудс») іс-шараның бір бөлігі ойдағыдай енгізілген. Бүгінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.