Шымкент қаласы әкімдігі мен мәслихат депутаттары қала мәртебесі туралы бірлескен шешім қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін мәслихаттың кезектен тыс 29-шы сессиясында Шымкент қаласының әкімдігі мен мәслихаты Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау туралы бірлескен шешімге қол қойды. Енді бұл құжат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылады.
Қазақстан Республикасының 1993 жылы 8 желтоқсандағы №№2572- ХІІ «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңында республикалық маңызы бар қалаларға - халқының саны бiр миллион адамнан асатын елдi мекендер жатады деп көрсетілген.
Халық қалаулыларының алдында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі: «Сессияда тарихи құжатқа қол қойылды, бұл Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуда ауқымды жұмыстың бастауы болды», - деп атап өтті.
Республикалық маңызы бар қала мәртебесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мұндай өзгеріс қаланың дамуына, сондай-ақ әрбір тұрғынына да оң әсер алып келеді.
- Жоспарлар көп, олардың барлығы мәслихат депуттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асады – деп қала басшысы Нұрлан Сауранбаев сөзін қорытындылады.
Айта кетсек, бұған дейін ел арасында «Оңтүстік Қазақстан облысының ендігі орталығы Түркістан қаласы болады» деген болжам айтылған еді. Бүгінгі шешім осы болжамға жақындай түсер қадамдардың бірі секілді. Бүгін кешкі сағат бесте Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сессиясы шақырылып отыр. Сессияда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы мәселе қаралмақ. Анық-қанағын сол кезде білетін боламыз.