16 сәу, 2020 сағат 10:19

Шымкент тұрғыны кәмелетке толмаған қызды 1 млн теңгеге сатқан

Түркістан облысында кәмелетке толмаған қызды клиентке сатып жатқан жерінен Шымкент тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Әйел адам қыз баланы 1 миллион теңгеге бағалаған. Анықталғандай, жеңгетай оны интимдік қызмет үшін бұған дейін бірнеше рет жалға берген. 

«13 сәуір күні Түркістан облыстық Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасына әйел адам кәмелетке толмаған қызды жыныстық қызмет көрсету үшін белгілі сомаға сататыны туралы хабарлама түсті. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабының 2-бөлігі (жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.​​​​​​ Сол күні жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, Түркістан облысы ПД КПБ және Сайрам аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы қонақүйлердің бірінен кәмелетке толмаған қызды сату кезінде Шымкент қаласының тұрғынын ұстады», - делінген мәліметте. 

Кәмелет жасына толмаған қыз бала да Шымкент қаласының тұрғыны, оқу орындарының бірінің студенті. 

«Полиция қызметкерлері күдікті әйелден айғақзат ретінде миллион теңге ақшаны тәркілеп алды. ​​Тергеу барысында күдікті осы қызды жыныстық қызмет көрсету үшін бұған дейін бірнеше рет ұсынғаны анықтады. Жеңгетай келіссөздерді телефон арқылы жүргізіп, клиенттерге мессенджермен кәмелетке толмаған қыздың суретін көрсетіп отырған. Оны пәк, таза деп сылтауратып, клиенттерден ірі көлемде ақша сұрап, келісуден кейін кездесуді ұйымдастырып отырғаны белгілі болды», - деді полициядан. 

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Түркістан облысының полицейлері істің толық мән-жайын және әйелдің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.