Фото: © Polisia.kz
Шымкент полицейлері екі жыл бұрын болған адам өлтіру қылмысының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылы жергілікті тұрғын Еңбекші ауданының полиция басқармасына 32 жастағы ұлының жоғалып кеткенін хабарлаған. Анасы ер адамның екі апта бұрын үйден шығып, қайтып оралмағанын айтқан.
"Хабар-ошарсыз кеткен азаматтың жүрген жерін анықтау мақсатында криминалдық полиция қызметкерлері кешенді шаралар жүргізді. Тәртіп сақшылары оның отбасы мүшелері, көршілері және достарының арасында сауалнама жүргізіп, жақын маңдағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді.
Сондай-ақ ер адамның сыртқы келбетін сипаттайтын бағдарлар қалалық полиция департаментінің басқармаларына, сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарындағы полиция бөлімдеріне жолданды.
2 жыл бойы іздестіру жұмыстары нәтижесіз болғанымен, биыл, жыл басында жедел қызметкерлер осы дерек бойынша ілмек таба алды. Кездейсоқ куәгердің жауабына сәйкес, азаматтың жоғалып кетуіне інісінің қатысы бар екендігі анықталды", - делінген хабарламада.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, ол өгей бауырын отбасылық жанжал барысында басынан арматурамен бірнеше рет ұрып өлтіргені белгілі болды. Бұл іске өгей ағасының мас күйінде анасымен жанжалдасатыны итермелеген. Аса ауыр қылмыстың ізін жасыру үшін қаскүнем мәйітті сырттағы дәретханаға тастап, шұңқырды бетонмен толтырып, үстіне шағын сарай тұрғызған.
Күдікті қамауға алынды.
Еңбекші АПБ-ның тергеушілері қылмыстық істі айыптау актісімен сотқа жолдады.