Ауа-райының күрт жылынуына байланысты Шымкент қаласы, Абай ауданына қарасты Қарасу көшесіндегі бірнеше үйдің маңындағы жерасты суы көтерілді.
Соның салдарынан аулаларды су басып, жертөлелерге де су толды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы жағдайды ескерген қала әкімі Ерлан Айтаханов оқиға орнын аралап шығып, тұрғындармен тілдесті. Шаһар басшысы аталған көшеде тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтып, жауапты сала жетекшілеріне су тасқынының салдарын жоюға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Қала басшысы сонымен қатар алдағы уақытта осы сынды жағдай орын алмасы үшін аталған аймақты зерделеп, бұрын болған тік дренаждық жүйені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керегін атап өтті. Осы салаға жауапты басқарма басшылығы мен аудан әкімдігіне жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды міндеттеді.
Айта кетейік, Қарасу өзенінің жағалауында орналасқан үйлердің иелері өзен арнасына жаз мезгілінде су деңгейін көтеру мақсатында, рұқсатсыз бөгеттер орналастырған. Нәтижесінде жауын-шашынның салдарынан және жерасты сулары көтеріліп, жоғарыда айтылған мекенжайларды су басқаны анықталған. Қазіргі уақытта оқиға орнына су сору жұмыстарына 30 шақты қызметкер мен 6 бірлік техника және 2 мотопомпа жұмылдырылды.