Шымкенттегі ауруханалардың бірінде төбелес болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Келеңсіз жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан науқастың алдымен әдепсіз сөздер айтқанын, содан кейін күш көрсетуге көшкенін байқауға болады.
"Оқиға 20 қыркүйек сағат 19:50-де гипербариялық оксигенация орталығында болған. 1995 жылы туған азамат жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Жақындарының айтуынша, пациент улы сұйықтық ішкен.
Дәрігерлер науқасты тексеріп, психикалық қозу жағдайына байланысты тыныштандыру шараларын жүргізу үшін жансақтау бөліміне кіргізген. Алайда науқас көмекке қарсылық танытып, медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолданған.
Орын алған жағдайға байланысты 102-қызметіне хабар берілді", - дейді ведомство өкілдері.
Абырой болғанда ақ халаттылар ауыр жарақат алмаған.
Ал Шымкент Полиция департаменті құқық бұзушының ұсталғанын хабарлады.
"20 қыркүйек кешке Шымкент қаласы ПД Әл-Фараби АПБ-ның 102 пультіне медициналық мекемелердің бірінен шақырту келіп түсті.
Оқиға орнына барған полицейлер мекемеге жедел жәрдеммен жеткізілген науқас алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде медқызметкерлерге шабуыл жасағанын анықтады.
Құқық бұзушы ұсталды. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша ҚР-ның заңнамасы аясында тиісті шара қабылданады" - делінген хабарламада.