Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев бүгін облыс және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерімен, республикалық БАҚ меншікті тілшілерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кездесу барысында Нұрлан Ермекұлы қала әкімдігінің жұмысы алдағы уақытта қалай жүзеге асырылатынын, баса мән берілетін негізгі бағыттар туралы әңгімеледі.
Ең бастысы – бұл қала тұрғындары. Әкімдіктің жұмысы тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартатын әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталады.
Негізгі бағыттар:
- көлік (жолдар, қоғамдық көлік және т.б.);
- тұрғын үй-коммуналды шаруашылық (коммуналды қызметпен қамтамасыз ету);
- әлеуметтік нысандар (балабақшалар, мектептер, кітапханалар мен ауруханаларды соғу);
- қауіпсіздік;
- халықты жұмыспен қамту.
Қала әкімі жаңаша өрбитін жұмыс туралы да айтты: «Менің алдымдағы әкім Ғабидолла Әбдірахымов халықпен кері байланысуда үлкен жұмысты бастап кетті. Бұл жұмыс жалғасады және бұрынғыдан да күшейтіледі. Нақты айтсақ, енді әкімдіктің ақпарат хабарламаларын тарататын ресми өкілі бар. Ол әкімнің, әкім орынбасарлары мен бөлім басшыларының жұмысы туралы сұрақтарға жауап береді немесе қажет спикерді дайындайды. Бұған қоса youtube желісінде әкімдіктің жұмысын жариялайтын өз каналы болады. Бұған қоса қосымша ақпарат көздері – әлеуметтік желілер мен сайт та бар.
Шаһар басшысы журналистердің сыни мақалалары жұмысқа өз көмегін тигізетінін атап өтті: «Мен сіздердің кез келген әкімге берілген бюджет шектеулі екенін түсінгендеріңізді қалаймын. Мысалы, шаһарда 3000 шақырымнан астам көлік жолы бар. Асфальт солардың жартысына ғана төселген. Әрине, қаланың даму бюджетін жол салуға жұмсай алар едік, бірақ, онда біз бірде-бір балабақша немесе мектеп сала алмаймыз, басқа маңызды бағыттағы жұмыс та тұралап қалар еді. Барлық нәрсеге қаржы жетпейтінін анық түсініп, маңызды бағыттарды нақтылап алуымыз керек».
Кездесу соңы біртіндеп еркін әңгімелесуге ұласты.
Осы тұста Нұрлан Ермекұлы көпшіліктен Шымкенттің 2030 жылы қандай қала болатыны туралы болжамдарын сұрады. Жауап ретінде түрлі нұсқалар айтылды – жанға жайлы қала, мәдениетті қала, жастарға, туристерге арналған қала...
«Жанға жайлы қала атауы кез келген шаһарға қатысты қолданылатыны белгілі. Бірақ, Шымкент қандай болуы тиіс? Қаламыз өзіне ғана тән сипатында болуы тиіс. Сіздер жастарға арналған дедіңіздер, ол да мүмкін. Туристік қала – бұл да дұрыс, дегенмен, ол үшін туристерге қажет жағдайдың барлығын жасауымыз керек».
Нұрлан Ермекұлы Шымкенттің алдағы уақытта дамуы туралы сұраққа да жауап берді:
«Жақын болашақта біздің негізгі 3 нысанымыз болатынын айта аламын. Олар: Шымкент-сити, әуежай және цитадель – үлкен тарихи ескерткіш. Атқарылар жұмыстан ең алдымен көгалды аймақтар құрылады, яғни, гүлзарлар мен саябақтар. Және «Ақылды қала» жобасы да ұмыт қалмайды. Бұл – ауқымды жоба, бұл – болашақ».
Кездесу еркін өтті. Жиналғандардың әрқайсысы болашақтағы жұмыс туралы өз пікірін еркін білдіріп, көкейлеріндегі мазалап жүрген сұрақтарын да қойды. Соңында барлығы да Шымкенттің жарқын болашағы үшін әкімдік пен бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыла жұмыс істеуі маңызды деген пікірге келді.