Шығыс Қазақстан облысындағы Бесқарағай, Бородулиха және Ұлан ауданында жайылымдық жер тапшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірде иесіз қалған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бұл жайлы ШҚО Ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михайлис мәлімдеді.
«2021 жылы Мемлекет басшысы қараусыз қалған жерлерді тәркілеу жайлы тапсырма берді. Жергiлiктi әкiмдiктер бос жатқан жерлердiң тiзiмiн жасады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, бұрын пайдаланылмай келген 1 миллион гектардан астам жер анықталды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда мал жаюға қажетті жер көлемі 146 мың гектарды құрайды», - деді ол.
Надежда Михайлистің айтуынша, бүгінде Бесқарағай, Бородулиха, Ұлан аудандарында және Өскемен қаласында жайылымдық жер тапшылығы сезілуде. Бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару процедурасына бір жылға жуық уақыт кетеді.