Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті бірлескен операция барысында Самар ауданы аумағындағы «Кенкарын» учаскесінде жер қойнауын өз бетінше пайдалану және бағалы металдарды заңсыз өндіру фактісін әшкереледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер соңғы екі жыл бойы заңнама талаптарын өрескел бұзып, қажетті лицензиясыз алтын өндіріп келген. Сонымен қатар олар «Құлынжон» өзенінің арнасын өз бетінше өзгерткен.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан табиғатқа келтірілген залал көлемі 82 миллион теңгеден асты.
Тексеру кезінде ауыр арнайы техника – жүктиегіш, самосвал, экскаватор және өндірістік жабдықтар тәркіленді.
Ұйымдастырушы тұлға екі ай мерзімге қамауға алынды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
