Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Шығыс Қазақстандағы барлық мәдени ошақтардың жұмысына бірқатар өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Соған орай облыс көлемінде концерттер, конференциялар, семинарлар, көрмелер мен дөңгелек үстелдер сынды тағы да басқа шаралар уақытша ұйымдастырылмайды. Ал жоспарланған бұқаралық шаралар кейінге қалдырылды. Бұл туралы ШҚО Ақпараттық орталығында өткен брифингте облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмаханова мәлім етті.
«Эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін музейлер мен кітапханаларға, сондай-ақ тарихи-мәдени орындарға кіруге уақытша тыйым салынды. Бұдан бөлек, спорттық үйірмелер мен тіл үйрену курстарының жұмысы тоқтатылды. Концерттік ұйымдар мен театр қызметкерлері уақытша гастрольдік сапарларға шыға алмайды. Ал дайындық жұмыстары жүргізіле береді», - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, егер осы салада еңбек етіп жүрген әйелдердің кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар болса, олар қашықтан жұмыс істей алады.
«Облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қызметкерлері уақытша үш топқа бөлінді. Олардың еңбекақысы сақталады. Бірінші топтың құрамында әкімшілік-басқарушылық салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер бар. Екінші топтағылар қашықтықтан жұмыс істейді. Үшінші топта экологиялық демалысқа шыққандар», - деді Раушан Нұрмұханова.
Оның сөзіне сенсек, отбасылық мерекелер мен той жасауға, сондай-ақ ас беруге уақытша тыйым салынды.