© AP Photo / Dmitri Lovetsky
Шығыс Қазақстанда Ленин ескерткішін құлатқандарға қатысты тергеу жүріп жатыр. Тергеу аясында полицейлер болған оқиғаның мән-жайын анықтайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан YK-news.kz порталына сілтеме жасап.
15 тамыздан бастап Алтай қаласының орталық алаңында қайта құру жұмыстары жүріп жатты. Жобада Ленин ескерткішінің тұғырын жаңарту да қарастырылған. Тұғыр тақталары бөлшектелді. Мердігердің айтуынша, қалпына келтіру кезінде мүсінді зақымдамау үшін алып тастауды ұсынған. Алайда, оның айтуынша, жұмыс кезінде ескерткіш "өзі құлап қалған".
Ал әлеуметтік желілерде Ленин ескерткішінің жүк тиегішке ілінген бейнежазбасы тарады.
"Осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 203-бабының 1-бөлігі "Тарих, мәдениет ескерткіштерін, табиғи кешендерді немесе мемлекет қорғауға алынған объектілерді қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жаза ретінде үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған", - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі күні тергеу жүріп жатыр.