16 мау, 2023 сағат 11:45

Шығыс Қазақстан облысына жаңа әкім тағайындалды

Фото: gov.kz

Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ермек Беделбайұлы Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылсын", - делінген Жарлық мәтінінде.

Ермек Көшербаев туралы не белгілі?

Ол 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.

1988 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және 1993 жылы КСРО Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар және сыртқы саясат мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1988 жылы Алматыдағы № 170 орта мектепте тарих пәні мұғалімі болып бастаған.

1988-1991 жылдары - ҚазССР Сыртқы істер министрлігінің құпия іс қағаздарын жүргізу бойынша аға инспекторы, екінші хатшысы, бірінші хатшысы, Сыртқы істер министрінің көмекшісі;

1993-1994 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік протокол басқармасының бірінші хатшысы, бөлім меңгерушісі;

1994–1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының Халықаралық бөлімінің консультанты, Президенттің Протокол қызметінің басшысы болған.

1996–1997 жылдары Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, Сыртық істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы лауазымдарын атқарған.

1997–1999 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көмекшісі болған.

2000–2010 жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерде жұмыс істеген.

2010–2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болған.

2014-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы лауазымдарында қызмет еткен.

2018–2020 жылдар аралығында Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымдарын атқарған.

2020 жылғы қаңтардан бастап бүгінге дейін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

"Ерен еңбегі үшін" медалімен, "Құрмет" орденімен марапатталған.

Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.

Сондай-ақ ол қазақ, орыс, ағылшын және кәріс тілдерін біледі.

Үйленген, 2 баласы бар: ұлы – Дастан (1988), қызы – Дәмелі (1993);

Жұбайы – Динара Маркенқызы Шайжүнісова.