06 қаз, 2021 сағат 15:02

"ШҚО-ны газдандыруды көрші Ресейдің ресурсы есебінен шешуге болады" - Мырзағалиев


Шығыс Қазақстан облысына газ қашан жетеді? Бұл сұраққа еліміздің Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін елордада алғаш рет «KIOGE-2021» халықаралық мұнай және газ көрмесі ашылды. 

Көрменің ашылуына еліміздің Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысып, онда қойылған өнімдермен танысып өтті. 

Шара барысында министр мұнай және газ саласына қатысты БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді. Тілшілер көтерген мәселенің бірі - Шығыс Қазақстанға газ жеткізу. 

«ШҚО-ға газ тарту жақын уақытта жоспарда жоқ. Бірақ аталған мәселе біздің министрліктің күн тәртібінде бар және оны Ресеймен бірлесіп шешу қарастырылып отыр. Аталған өңірді газдандыруды көрші Ресейдің ресурсы есебінен шешуге болады. Ол үшін бөлек газ құбырын тарту қажет», - деп жауап берді М. Мырзағалиев. 

Сондай-ақ, министр ШҚО-ның Зайсан ауданын газбен қамту мәселесіне арнайы тоқталып өтті. 

«Зайсан ауданын газдандыру жұмысы 2013-2014 жылдары басталды. Газ құбырын тарту жоспарына сай 9 елдімекенге газ жеткізілді. Бүгінде жұмыс жалғасып жатыр», - дейді ол.