ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономикалық жағдай нашарлаған жағдайға резервтік жоспар әзірленгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус пандемиясы қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз, сондай-ақ бұл дағдарыс аяқталғаннан кейін экономика қаншалықты жылдам қалпына келетінін білмейміз. Қандай да бір жаңа теріс факторлар бола ма? Партия Төрағасы және Мемлекет басшысы үнемі Б планы болуы керектігін айтып келеді. Қосымша сын-қатерлерге тап болсақ, сіздерде резервтік іс-қимыл жоспары бар ма?», - деп сұрады Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында.
Өз кезегінде министр Әсет Ерғалиев мұндай жоспар бар екенін жеткізді.
«Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе әлеуметтік экономикалық ахуал нашарлаған жағдайға бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірледі. Ол контрциклдік сипаттағы шұғыл қадамдарды қамтып отыр. Сондай-ақ халық пен бизнесті қолдауға, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Ұлттық экономика министрі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов бюжеттің кіріс бөлігін ұлғайту жұмыстары қалай жүретінін айтты.
«Биыл экономиканы қолдау үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туындауы мүмкін. Себебі коронавирусқа байланысты шектеу қадамдары жалғасып келеді. Сонымен бірге Үкіметтің алдында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру міндеті тұр. Ол үшін қосымша қаржыландыру керек. Алдымыздағы бес жылдың ішінде бағдарламаны жүзеге асыру үшін 21 трлн теңге қажет. Бұл тұрғыда бюжеттің кіріс бөлігін ұлғайту жұмыстары жүргізіледі. Негізінен салық, кедендік әкімшілендіруді ары қарай цифландыру жұмыстары, сондай-ақ «көлеңкелі» экономиканы қысқарту бойынша арнайы кешенді жоспарды іске асыру есебінен болады», - деп түсіндірді Смайылов.