Мұндай деректерді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Бердалин Арман Тілектесұлы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалуын бақылау бойынша республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Дуамбеков Мұсағали Сәрсенбайұлы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Нәлібаев Мақсұт Ыбрайханұлы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық Бюросының Жамбыл облысы бойынша Департамент басшысының орынбасары Рахимов Арман Тастемірұлы айтты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыла агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментімен Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу кезінде мүдделер қақтығысы анықталды.
Атап айтқанда, талдау барысында, Шу ауданы ауыл шаруашылығының бөлім басшысы С.Сейдахметов, тек 2014-2016 жылғы аралықта "Бектібай", "Бектібай-1", "Самат", "Еркін"шаруа қожалықтарына жанар-жағар май шығындарына субсидия көлемі 159 910 000теңгені құрайтын субсидия бөліп, Шу ауданы бойынша осы бағыттағы ең ірі субсидиялар алушылардың бірі екендігі анықталды.
Сондай-ақ, субсидия алған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірі болып табылатын "Бектібай", "Бектібай-1", "Самат", "Еркін" шаруа қожалықтарының басшылары, өз кезегінде С.Сейдахметовтың жақын туыстары - ағасы, келіні, әйелі және баласы екендігі белгілі болды.
Өз кезегінде бөлім басшысы, жүйелі түрде мемлекеттік қызметшіге қойылған шектеулерді бұза отырып, жоғарыда көрсетілген шаруа қожалықтарының субсидия алуға ұсынылған өтінімдерін қарап, ведомствоаралық комиссия төрағасының орынбасары ретінде жиынтық актілерге қол қойып келген.
Талдау нәтижесіндегі ұсыныстар негізінде бөлім басшысы қызметінен босатылып, қылмыстық құдалау органдарымен С.Сейдахметовке қатысты қылмыстық іс қозғалды.