Фото: Akorda.kz
Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан азаматтары үшін виза талаптарын жеңілдету мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл - өте маңызды аспект. Қазақстан азаматтарының Германияға келуін және Германия азаматтарының Қазақстанға келуін анағұрлым жеңілдететін мүмкіндіктерді қарастыруға біз де мүдделіміз. Өзіңізге мәлім, виза мәселесі Еуропалық Одақ деңгейінде, еуропалық ведомстволар деңгейінде қарастырылады. Сондықтан біз бұл мәселе бойынша ЕО ұстанымын құптаймыз», - деп атап өтті Германия Президенті.
Сондай-ақ ол неміс және қазақ кәсіпкерлері бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қандай қаржы көздеріне жүгіне алатыны жөнінде айтты.
«Германия бизнесі қазір өзгеріс үстінде. Бұл жағдай, әсіресе, шикізатқа біржақты тәуелділік бар екенін анық көрсетті. Шикізат көздерін және оларды жеткізу тізбегін әртараптандыру қажет. Бұл қазір германиялық кәсіпорындар үшін аса өзекті мәселе. Олар жаңа қолдау шараларын іздеп, жаңа келісімшарттар жасауға тырысып жатыр» - деді Штайнмайер.