Былтыр жемқорлық қылмысының денін әкімдік, ішкі істер органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Бұл туралы бүгін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өткен жылы жемқорлық сипаттағы 1835 заң бұзушылық тіркелді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға аз. Бұған, ең алдымен, ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері мен жүйелі жемқорлыққа баса назар аудару септігін тигізді. Бұл жұмыста агенттік пен азаматтық қоғамның атқарған рөлі өте зор. Үйлесімді жұмыстың нәтижесінде 108 жүйелі жемқорлық фактісінің жолы кесілді, ол бойынша 320 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Өңірлер арасында мұндай фактілер Алматы, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында көп тіркелді", — деді Шпекбаев бүгін өткен алқа отырысында.
Сондай-ақ, агенттік төрағасының ақпаратынша, 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген. Мемлекетке келтірген 15,8 миллиард теңге залалдың 14 миллиарды немесе 88 пайызы қайтарылды.
"Жемқорлық қылмысының ең көп таралған түрі – парақорлық, ақша жымқыру және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану. Республикалық деңгейдегі 19, облыстық деңгейдегі – 98, қалалық және аудандық деңгейдегі 152 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыстың денін әкімдіктер, ішкі істер органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Жемқорлықтың жоғары деңгейі білім, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау саласында сақталып тұр. Мұның бәрі мемлекеттік органдар мен мекемелер басшыларының көп жағдайда жемқорлық тәуекелдерін жоюға немқұрайлылық танытуынан немесе жағдайды өзгертуге қауқарсыздығынан болады. Сондықтан біз премьер-министрдің және ҚР Президенті әкімшілігі басшысының атына жүйелі жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты шаралар қабылдамаған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным енгізу туралы шешім қабылдадық", - деді Шпекбаев.