07 мау, 2019 сағат 13:15

Шпекбаев Шымкентте жұмыс уақытын таңғы 8-ден кешкі 4-ке дейін қысқартуды ұсынды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Шымкентте жұмыс уақытын таңғы сегізден бастап, түскі үзілісті қысқартуды ұсынды. Бұл туралы агенттік төрағасы аталған қалаға жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қала активімен кездескен агенттік төрағасы мемлекеттік қызметкерлер үшін жаңа жұмыс кестесін жасауға шақырды. 

«Мемлекеттік қызмет саласындағы үздік тәжірибелерге сүйене отырып, біз Шымкент қаласы әкімінің аппаратына жұма күні жаңа жұмыс кестесін пилоттық режимде енгізуді ұсынамыз. Яғни, жұмыс күні таңғы сағат 8:00-де басталып сағат 16:00-де аяқталатын болады. Осылайша, 8 сағаттық жұмыс күні сақталады. Және бұл жұмыс кестесін пилоттық режимде Шымкенттен бастауды ұсынамын. Себебі, Шымкент - ең креативті қала», - деді агенттік төрағасы.

Әкім өз кезегінде айтылған ұсынысты қолдап, агенттік төрағасына сенім артқаны үшін алғысын білдірді. 

Мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен өткен жиында агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Қарымсақов, қала әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов баяндама жасады.

Айта кетейік, кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан саясат пен азаматтардың қажеттілігіне бағытталған мемлекеттік аппараттың алдағы перспективасы сөз болды.